Қазақстанда жұмыс берушілер еңбек қатынастары туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) уақтылы енгізуге міндетті. Бұл талап қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға, еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етуге және кадрлық есепті цифрландыруға бағытталған. Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов толығырақ түсіндіріп берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастары жұмыс беруші мен қызметкер арасында жазбаша немесе электрондық нысанда жасалған еңбек шартының негізінде туындайды. Жұмыс беруші еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер енгізу және оны тоқтату туралы мәліметтерді ЕШЕБЖ-ге енгізуге міндетті. Жүйеге еңбек шарты тараптары туралы негізгі деректер, қызметкердің лауазымы немесе кәсібі, жұмыс орны, еңбек шартының қолданылу мерзімі, жұмысқа кіріскен күні, сондай-ақ жасалған еңбек шартының күні мен нөмірі енгізіледі.
«Қызметкерге жүктілікке және бала тууға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға (қыз асырап алуға) байланысты демалыс беру туралы ақпарат міндетті түрде енгізілуге тиіс.
Заңнамада ЕШЕБЖ-ге мәліметтерді енгізудің нақты мерзімдері белгіленген. Мәселен, жаңадан жасалған еңбек шарты туралы ақпарат оған екі тарап қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізілуге тиіс. Еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жүйеде күнтізбелік 15 күн ішінде тіркелуі қажет, ал еңбек шартын тоқтату туралы мәліметтер қызметкер жұмыстан босатылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізілуге тиіс.
Ақпаратты ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу қағидаларымен егжей-тегжейлі регламенттелген», – дейді департамент өкілі.
Оның сөзіне сүйенсек, 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін (ЕШЕБЖ) жүргізуге байланысты бұзушылықтар үшін жауапкершілік қолданылады. Мәліметтерді енгізбегені немесе уақтылы енгізбегені, толық емес, анық емес немесе дұрыс емес ақпарат ұсынғаны үшін айыппұлдар көзделген. Әкімшілік айыппұл мөлшері лауазымды адамдар үшін 30 АЕК-ден бастап ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 150 АЕК-ге дейінгі аралықты құрайды. Жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін шарттық қатынастарды мұқият рәсімдеу және заңнама талаптарын уақтылы орындау ұсынылады.