Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында облыста 618 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді десек, оның 155 мың шаршы метрі – көппәтерлі үйлер, 463 мыңы – жеке үйлер, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Облыстық әкімдікте өткен басқосу барысында құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров ағымдағы жылы 721 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғандығын жеткізді.
- Өткен жылы 24,9 миллиард теңгеге 66 көпқабатты тұрғын үй салынды. Ал, биыл 74 тұрғын үйдің құрылысына 23,9 миллиард теңге бөлінді. «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша ауыл тұрғындары 108 үй салуға ниетті, - деді Ж.Шалдаров.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыста 30505 адам тұрғын үй кезегінде тұрғандығы айтылды.
- Өткен жылы пәтерлерге қарағанда жеке үйлер көп салынды. Егер біз осылай жалғастыра беретін болсақ, кезекте тұрғандар саны азаймайды. Біздің мақсатымыз – әрбір отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жеке қабылдаулар кезінде де және әлеуметтік желілерде жамбылдықтар тұрғын үй мәселесін жиі көтереді. Олардың дені өз кезегін он жылдан бері күтіп келе жатқандықтарына шағымдануда, - деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев мемлекеттік органдардың ҚР Ұлттық Банкінің филиалымен өзара әрекетін күшейтудің маңыздылығына назар аудартты.
- Бұл орайда Мемлекеттік бағдарламалардың берер мүмкіндігі мол, дегенмен ол толық көлемде пайдаланылмауда, - деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы өз сөзін айқындай түсіп, Жамбыл облысы «7-20-25» бағдарламасы бойынша рәсімделген несиелер саны бойынша 17 облыстың ішінде 14-ші орында тұрғандығын тілге тиек етті.
Ұлттық банк филиалының басшысы Евгений Шарыгин алдымен әлеуетті сатып алушыларды анықтап алып, содан кейін ғана үй құрылысын жүзеге асыру бойынша ұсынысын ортаға салды.
«Отбасы банкі» АҚ қалалық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова «Шаңырақ» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыстың сегізінші орында екендігін, ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылы 357 отбасы баспаналы болғандығын тілге тиек етті.
- «Отбасы банкі» базасында тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылды, ол тұрғын үй сатып алуға ниетті адамдардың есебін жүргізумен айналысады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан кезекте тұрғандарды жеке жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау тетігі арқылы баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ал мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлер қатарындағы кезекте тұрғандар оны жеңілдетілген займ арқылы сатып алатын болады, - деді Г.Бекназарова.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында Тараздағы жаңа тұрғын үй құны үш пайызға өскен. Бұл соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Айта кету керек, мұндай өсім, республиканың барлық ірі қалаларында байқалуда. Қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы да бес пайызға артқан. Бұл жамбылдықтардың мемлекеттің қолдауынсыз жеке баспаналы болуын одан әрі қиындата түскені сөзсіз.
Сондай-ақ, Жайықбай Шалдаров қызметкерлері үшін өз есебінен типтік жоба бойынша тұрғын үй салатын ауылдық жұмыс берушілердің шығындарының бір бөлігін субсидиялау тетігінің әзірлену барысы туралы баяндады.
- Бүгінгі таңда бар жоғы 43 шаруа қожалығынан 109 ғана ұсыныс түсті. Әрине, бұл мардымсыз көрсеткіш десек, осы ретте аудан әкімдері жұмыс берушілермен түсіндірме жұмыстарын тиісінше жүргізе алмауда, - деп шағымданды ол.
Аймақ басшысы жиынға бейне-байланыс арқылы қатысып отырған аудан әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
- Қаржы институттарын қолдау тетіктері тұрғын үй мәселесін шешуге тиімді ықпал етер еді. Бірақ құрылыс басқармасы мен аудан әкімдіктері оларға өз ұсыныстарын білдіруде немкеттілік танытуда. Салалық басқарма тек көрсеткіштерді ғана алға тартуға дағдыланған, ал жалпы жағдайды жан-жақты талдап, жаңа бастамалар көтеруге құлықсыз, - деді Бердібек Сапарбаев.