Атырау облысында Каспий жағалауындағы табиғи резерватта қамыс жанып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме жасаған kazlenta.kz
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, қамыс өрті 1 желтоқсанда тұтанған.
«Каспий теңізі жағалауында Дамбы ауылынан 30 шақырым қашықтағы қамыс өртіне жету мүмкін болмай отыр. Өйткені, өрт батпақты жерде жанып жатыр. Өрттің жалпы аумағы шамамен 41 гектарды құрайды. Оған өрт сөндіру техникаларының бару мүмкіндігі болмағандықтан, төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкерлері «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мамандарымен бірге кезекшілік ұйымдастырылды. Ал, 9-12 желтоқсан аралығында төтеншеліктер «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерват қызметкерлерімен бірлесіп қамыстың өртін сөндірді. Қазір 37 гектарда қамыс өрті сөндірілді. Өрт сөндіру жұмыстарына 2 техника тартылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінен елді елді мекендер төніп тұрған қауіп жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында Каспий жағалауында 10 күн жанған қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған болатынбыз.
Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге департаменттің жеке құрамынан 34 адам, 5 техника, 4 мотосорғыш, 1 генератор, 40 жең, 1 үрлемелі шатыр, сондай-ақ, О.Көшеков атындағы Атырау аграрлық-техникалық колледжінің 1 John Deere-6135b тракторы мен 1 қызметкері, «Қазавиақұтқару» АҚ-дан МИ-871 тікұшағы мен 5 адам тартылған.