Еуразиялық экономикалық одақ елдері бірыңғай еңбек нарығын құру мақсатында бірлесе жұмыс атқаруда. Осы орайда 2019 жылдың қыркүйек айында «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай жүйесі ЕЭК кеңесінде мақұлданған болатын. Оның орындалу барысы жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлiгiнің Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Азиз Ибрагимов айтып берді.
Құрамына бес мемлекет енетін ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін бірыңғай жұмыс іздеу жүйесі жұмыс істейді. Жүйенi әзiрлеу мақсатында ЕАЭО аумағындағы жұмыстар мен бос жұмыс орындары туралы ақпараттық база дайындалған. Енді жұмыс іздеген кез келген азамат өзіне қажетті ақпараттарды база арқылы ала алады.
«2019 жылдың қыркүйек айында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысы өткен еді. Сонда «Шекарасыз жұмыс» бірыңғай жүйесін жүзеге асыру туралы шешiм қабылданды. Яғни, бұл жоба ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтарын жұмыспен қамтуды мақсат тұтатын цифрлық экожүйе құру туралы қазақстандық бастаманың бір бөлігi саналады», - дейді Азиз Ибрагимов.
А. Ибрагимовтың айтуынша, бұл жоба ЕАЭО-ға мүше елдер азаматтарының жұмысқа орналасу мен жұмыс іздеу мүмкіндігін арттырады. Жұмыс берушілер үшін де бос орындарға қажетті кадрларды табуға көмектеседі.
ЕАЭО бірыңғай еңбек нарығы аясында азаматтардың өзге елдерде жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болады және бұл цифрлық экономиканың дамуына ықпал етеді.
Жүйе толықтай іске қосылған кезде жылына кем дегенде бір миллион адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.
Жұмыс iздеушілер мен жұмыс ұсынушылар ауқымды ақпараттық жүйеге бос жұмыс орындары мен түйіндемелері туралы ақпараттарды орналастыра алады. Сондай-ақ әмбебап іздеу жүйесінде бір немесе бірнеше елді таңдауға мүмкіндік бар.
Айта кетсек, Қазақстанның бастамасымен бірыңғай еңбек нарығын құру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда.