Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Сарыөмір-Орал» тас жолында веломарафон өтті. Қазақстан Республикасының конституциясы күніне орай оздырылған шараға жалпы саны 30 спортшы қатысты. Веломарафон арақашықтығы 130 км құрады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталмыш шараның басты мақсаты – өңіріміздегі велоспортты дамыту және аталмыш спорт түрін ел арасында насихаттау болып табылады. Салауатты өмір салтын ұстануға жол көрсетуде, ұлт денсаулығын сақтауда ұрпақ саулығының кепілі үшін осындай шаралардың өткізілуі аса маңызды. Мұндай шаралар облысымызда 10 жыл бойы қатарынан ұйымдастырылып отырады. Сонымен қатар өзге облыс көлемінде де веложарыстар өткізіледі. Аталған уақыт аралығында «Тасқала-Орал», «Чапаев-Орал», «Ақсай-Орал», «Жымпиты-Орал» сынды веложарыстар өткізілген болатын. Бұқаралық спортты дамыту аясында келесі жылы өңіріміздегі Шалқар көліне арналған веложарыс өткізу жоспарда бар. Ол жарыстың мақсатын көлді сақтау және сақтап қалу үшін адамдардың көлдің жоғалуына деген немқұрайлығын жойып, назарын аударту деп алу жоспарлануда. Сонымен қатар велошеруде МАИ қызметкерлері мен медициналық көмек көрсету үшін жедел-жәрдем қызметкерлері, 4 жаттықтырушы қызмет көрсетіп, жарыстың басы-қасында жүрді.
Ибатов Бейбіт Серікұлы, велоспорттан облыс бойынша аға жаттықтырушы:
Бұл іс-шара Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қатысуымен ұйымдастырылды. Веложарыс сәтті өтті. Барлығы керемет атмосферада өткеніне қуаныштымын. Өз көңілімнен шықты. Веложарысқа Олимпиада ойындарының қатысушылары Елена Антонова, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Орал қаласының әуесқойлары, Қазақстан Республикасы чемпионаттарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары және республикалық жарыстардың чемпиондары мен жеңімпаздары қатысты. Осындай жандардың шеруді қолдап, шараға қатысқаны біз үшін үлкен мәртебе.