"Нұр-Сұлтан қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы" ММ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "ЖасНұр" ӨШК МКҚК қызметкерлерімен және Астана Жастары еріктілерімен бірлесіп, жалпы саны 67 адам Сарыбұлақ өзенінің арнасын, су бетін және жағалау бөлігін тазарту бойынша экологиялық сенбілік өткізді. Тазалау жұмыстары жүргізілген аумақ 4,4 км құрады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Сенбілік барысында қатысушылар 4 учаскеге бөлінді. Бірінші топ Ырыскелді қажы мешітінен Сейфуллин көшесіне дейін жұмыс істеді. Екінші топ Сейфуллин көшесінен Тілендиев көшесіне дейінгі алаңды тазартты. Үшінші топ Мыңарал көшесіне дейін жұмыс істесе, төртінші топ Мыңарал көшесінен Қарасай батыр көшесіне дейін және т/ж жолдарына дейін сенбілік өткізді.
Учаскелерде түрлі қоқыстар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) , оның ішінде тоқыма бұйымдарын, киім-кешектерді, матрацтарды, көрпелерді, жастықтарды тазалау; су бетін тазалау, құлаған жапырақтар мен ағаш бұтақтарын жинау, баурайларда артық өсімдіктерді шабу және шабылған өсімдіктерді тырмалау бойынша жұмыстар жүргізілді. Барлығы 5,58 тонна өсімдік қалдықтары мен ҚТҚ жиналды және шығарылды.
Елорда әкімдігі қала қонақтары мен тұрғындарынан қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, қоқысты арнайы бөлінген контейнерлік және қоқыс бактарына тастауды сұрайды.