Қор жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының құрылысына шамамен 130 миллиард теңге бөлді. Құрылыс жұмыстары биыл желтоқсанға дейін аяқталады деп жоспарланған. Құрылыс біткеннен кейін орталық ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне, яғни мемлекет меншігіне беріледі.
Бүгін салынып жатқан клиниканың құрылыс алаңына «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов келді. Ол жаңа орталық бүкіл ТМД-дағы ең ірі зерттеу және клиникалық орталық болатынын атап өтті. «Соңғы жылдардағы оқиғалар клиникалық бөлімшесі бар ірі ғылыми-зерттеу жұқпалы аурулар орталығының болуы жай ғана қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін дәлелдейді», - деді менеджер. Ол құрылыс барысын жеке өзі тексеріп, құрылыс мердігерімен барлық жұмыстың уақытында орындалуын талқылады.
Аурухана 2021 жылдың қазанында салына бастады. Орталықта 350 заманауи жабдықталған орын болады. Нысан қазақстандық дәрігерлер, ғалымдар мен Алматының медициналық жоғары оқу орындарының студенттері үшін клиникалық базаға айналады. Жаңа орталықта жұқпалы аурулар, пульмонология және фтизиатрия саласында медициналық көмек көрсетіледі, зерттеулер мен оқыту жүргізіледі, озық медициналық технологияларды шоғырландырады, дәрілік препараттарды зерттейді. Сонымен қатар, жаңа нысан базасында елдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылау үшін ахуалдық орталық ашу жоспарланды.
Нысан қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірегей технологияларымен жабдықталатын болады.
Нұрлан Жақыпов Қордың Қазақстан медицинасын дамытуға қосқан үлесі туралы айта отырып, 26 сәуірде Алматыдан «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қаражатымен жүзеге асқан медициналық пойыз жолға шыққанын атап өтті. Бір жыл ішінде медпойыз дәрігерлері шалғай станциялардағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.
Анықтама:
Ауруханаға арналған учаскенің жалпы ауданы – 12 га. Ғимараттар мен құрылыстардың алаңы: 31 723 ш. м. Ондағы төсек саны – 350. Жобаның мақсаты – қолайсыз эпидемиологиялық жағдай мен төтенше жағдайда сапалы медициналық көмек көрсету, ҚР бойынша эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізу үшін ахуалдық орталықты ұсыну.
Жұқпалы аурулар орталығы болашақта жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығының клиникалық базасына, гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының филиалына айналады.
Жобаның сметалық құны – 130 049,48 млн теңге, оның ішінде құрылыс - монтаждау жұмыстары – 62 261, 41 млн теңге, медициналық-технологиялық және инженерлік жабдықтар – 66 343,32 млн теңге.