2022 жылдың қаңтар–тамыз айларында елімізде «алаяқтық» бабы бойынша 29,9 мың құқық бұзушылық тіркелді, бұл бір жыл бұрынғыдан 3% артық, деп хабарлайды Finprom.kz-ке сілтеме жасаған kazlenta.kz
Интернет-алаяқтық секордағы барлық құқық бұзушылықтардың 46,3%-ын құрап, 13,8 мың оқиға болды. Елімізде сондай-ақ төлем карталары арқылы жасалған алаяқтық бойынша 180 қылмыстық құқық бұзушылық, қарызға ақша алу бойынша 87, несие беру бойынша 36 және жылжымайтын мүлікпен байланысты 1 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.
Өңірлер бойынша мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген: 7 мың оқиға, бір жыл бұрынғыдан 23,4% артық. Одан кейін Нұр-Сұлтан (4,4 мың құқық бұзушылық, 1,4% көбейген) және Шымкент (2,7 мың құқық бұзушылық, 1% көбейген).
Мұндай құқық бұзушылықтардың ең азы Ұлытау облысында тіркелген: 79 жағдай. Одан кейін Жетісу мен Абай өңірлері. Еске салайық, бұл өңірлер биыл маусым айында ғана құрылған болатын, қылмыс санының аздығы статистика ерекшеліктерімен түсіндіріледі.
Жалпы, жыл басынан бері 3,9 мың адам алаяқтықпен ұсталды, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,8% аз. Олардың көпшілігі жұмыссыздар: 3,2 мың адам. Сондай-ақ алаяқтардың арасында 114 жұмысшы, 98 мемлекеттік қызметкер, 60 жеке кәсіпкер, 42 студент, 10 әскери қызметкер бар.
Биыл қаңтар–тамыз айларында алаяқтық құқық бұзушылық кесірінен келтірілген залалдың белгіленген мөлшері 61,2 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 48,3% артық. Оның ішінде 39,3 млрд теңге жеке тұлғаларға, 15,1 млрд теңге заңды тұлғаларға, 6,8 млрд теңге мемлекетке келтірілген залал.
Қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылармен ақпараттық күресте мемлекеттік органдардың жұмысы интернет-алаяқтардан креатив жағынан қалып қояды, деп есептейді ҚР Парламенті Мәжілісінің Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаты Юрий Ли. Бұл туралы zakon.kz хабарлайды.
Юрий Ли Қазақстанда жалған жарнама көшкіні орын алғанын, онда Қазақстан президентінің бейнесі, оның бұқаралық ақпарат құралдарында «Халықтық IPO» туралы көпшілік алдында сөйлеген сөздері заңсыз пайдаланылғанын және «Халықтық IPO» демеушілігіндегі адамдар ешқандай тәуекелсіз керемет дивидендтер мен кепілдендірілген кірістер уәде ететінін, президенттен басқа да қоғам қайраткерлерінің суреттері және халықаралық деңгейде танылған сауда белгілері де қолданылғанын еске салды.