Танымал Telegram арналардың бірінде COVID-19 қарсы вакцинация әлемде пандемияны өршітіп жібергені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Stopfake.kz.
Джон Хопкинс университетінің статистикасына сүйене отырып, британдық талдаушы Джоел Смолли осындай қорытынды жасаған. Мұндай мәлімдемелер неге дұрыс емес екенін түсіндірейік. Джоэль Смоллидің тұжырымдары туралы әлемге интернеттегі сенімсіз БАҚ-тың бірі саналатын NewsTarget жария етті. Порталда псевдоғылыми жаңалықтар мен конспирологиялық теориялар шығады, сондай-ақ ультра оңшыл көзқарастағы пікірлер айтылады. Мақаланың өзі Смоллидің Twitter-дегі парақшасында жарияланған қорытындыларына негізделген. Бұл ретте ол деректерді өте қарапайым түсіндіреді, ал оның қорытындылары болжамдарға ұқсас.
Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің ресми сайтында вакцинация пандемияны өршітіп жібергені туралы ақпарат жоқ. Керісінше, университет мамандары вакциналарды тиімді және қауіпсіз деп атайды және ауру жұқтырудың ауыр салдарын болдырмас үшін егілуді ұсынады. COVID-19 сырқаттанушылық пен өлім-жітім туралы әлемдік статистика Смоллидің теорияларына қайшы келеді. БҰҰ биыл 6 қазанда жарияланған мәліметтер бойынша, әлемде КВИ жұқтыру мен одан болатын өлім саны азайып келеді.