Батыс Қазақстан облысында ұлттық ойындар мен ат спорты түрлерінен ересектер арасында Батыс Қазақстан облысы чемпионаты және Тайпақ ауылынан шыққан спорт саңлақтарын еске алуға арналған Ақжайық ауданының ашық турнирі өткізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталмыш шараның басты мақсаты Республикалық ұлттық ойындарға іріктеу, пандемияға байланысты шектеу қойылған ұлттық спорт ойындарын жаңғырту, ұлттық спортты насихаттау, аудан спортшыларын елге танытуда тер төккен саңлақтарды еске алу болып табылады.
Сәні мен салтанаты келіскен шараның ашылу салтанатына арнайы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, Батыс Қазақстан облысы ұлттық спорт түрлерінің президенті және Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар – жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерболат Байбатыров, бәйге федерациясының өкілдері, ұлттық спорт ойындарының жанкүйерлері, спорт саңлақтарының ұрпақтары, еңбек, спорт ардагерлері, облысымыздың белгілі спортшылары мен ауыл тұрғындары, жастар қатысып, белсене атсалысты.
Облысымыздың барлық аудандары спортшыларының басын біріктірген тағылымды додада ұлттық спорт түрлерінің 9 түрі бойынша 300-ге жуық спортшы өзара бақ сынасты. Атап өтер болсақ, спортшылар аударыспақ, көкпар, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, тай жарысы, тазы жарысы, қазақ күресі, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен өз бақтарын сынады. 23-26 қыркүйек аралығында оздырылып, 3 күнге созылған дүбірлі доданың қорытындысы бойынша тай жарысынан «Қоянқасқа» атты тайымен Ақжайық ауданының спортшысы Жәрдемов Еламан 1 орынды қанжығасына байлады. Тазы жарысынан Тасқалалық Мажиков Дәулет «Айқас» атты тазысымен 1 орынға ие болды. Асық атудан 18-39 жас ерекшеліктері аралығында 1 орынды Шыңғырлау ауданы иеленсе, 40 жастан жоғары жас ерекшеліктері бойынша 1 орынға Ақжайық ауданы ие болды. Қазақ күресінен Сырым ауданының спортшысы Мерей Бердіғалиевтің мерейі үстем түсіп, 1 орынды қанжығалады. Ал арқан тартудан Ақжайық ауданы өзге аудандарға дес бермеді. Теңге ілуден Оралдық Серіков Бекнұр қарсыластарынан оза шапты. Жамбы атудан Ақжайық ауданының спортшысы Кусмагулов Қайнар қарсыластарын басып озып, 1 орынды иеленді.
Ал аударыспақ жарысы 57 кг,62 кг, 68 кг, 74 кг, 82кг, 91кг, 100 кг, +100 кг салмақ дәрежелері бойынша өткізілді. Жарыс нәтижесі бойынша аударыспақтан 57, 62 келі салмақ дәрежелері бойынша Жәнібектік жігіттер Габбасов Оралхан және Арон Бейбіт 1 орынға ие болды. 68 келі, 74 келі салмақ дәржелері бойынша Жаңақала ауданының спортшылары Төлегенов Эльдар мен Серіков Қолқанат жүлделі 1 орынды қанжығалады. Келесі кезекте 82 кг, 91 кг салмақ дәржелері бойынша Бөрлілік спортшылар Сабырғалиев Райымбек пен Сабиров Арданат та өз салмақ дәрежелерінде үздік атанды. 100 кг салмақ дәрежесінде Қаратөбелік спортшы Нәсіпқали Мәди, +100 келі салмақ дәрежесінде Теректі ауданының спортшысы Сәрсекенов Армат 1 орынды иеленді. Көкпардан 1 орынды Шыңғырлау ауданы қанжығаласа, Ақжайық ауданы 2 орынды, Орал қаласы 3 орынды иеленді. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дайындалған диплом, медаль, кубок және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.