22-23 қазан күндері Хан ордасы ауылында Бөкей хандығының 220 жыл толуына орай мәдени-спорттық шаралар өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар шақырылып, аталмыш қуанышты бөлісті. Жиналған қауым алдымен Бисен Жәнекешев, Мәншүк Мәметова және Ұлы Отан соғысына сарбаздарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып тағзым етті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Келесі кезекте салтанатты жиын аудан әкімінің құттықтау сөзімен бастау алды. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов барша бөкейліктерді айтулы күнмен құттықтап, игі тілектерін арнап, алыс-жақыннан келген меймандарға қош келдіңіз айтты. Өз кезегінде БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс басшысы Ғали Есқалиевтің құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар Жәнібек, Казталов, көршілес Ресей Федерациясының Палласовка ауданы, Валерий Чкалов атындағы әскери полигонның өкілдері де лебіздерін білдірді. Сонымен қатар жиын барысында аудан әлеуетінің дамуына сүбелі үлес қосқан, қоғамдық өмірде белсенділігімен танылған ақ халатты абзал жан, денсаулық саласында талай жыл адал қызмет еткен Қуаныш Есейұлы, талай жыл аудан дамуы жолында аянбай қызмет еткен ақынжанды абзал жан Қаламқас Жаскалиева "Бөкейордасы ауданының Құрметті азаматы" белгісіне ие болды.
Аталмыш шараның ресми бөлігі бұдан әрмен "Орда-туған мекенім" атты мерекелік концертпен жалғасты. Хан ордасы музей қорығында Х. Бөкеева атындағы облыстық драма театр ұжымы ұйымдастырған арнайы көрініс жиылған көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш соңы тұрғындарға арналған халық серуенімен аяқталды.
Бөкей хандығының 220 жылдығына арналған шара екінші күні дала қызықтарымен айшықталды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық көрмесі өткізіліп, тай, аламан бәйге және т. б ұлттық спорт түрлерінен жарыстар оздырылды.
#Qazaqstan30