Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен мемлекеттік органдардың басшылары мен еліміздің жетекші ғалымдарының қатысуымен биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасай отырып/
Кеңесте еліміздің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер талқыланды.
Сондай-ақ «Назарбаев Университеті» ДББҰ, «Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы» АҚ, «Фитохимия» холдингі, «Д. В. Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институты» АҚ, «Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және т. б. орталықтар жүргізіп жатқан COVID-19-ға қарсы отандық дәрілік заттарды әзірлеу мәселесі талқыланды.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Е. Тоғжанов бірқатар тапсырма берді:
- эпидемиологиялық сын-тегеуріндерге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметтің тиімділігін күшейту жөнінде ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру;
- ғылыми-зерттеу және инновациялық жұмыстарды іске асыру жөніндегі кешенді жоспар әзірлеу;
- эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және инфекциялық ауруларға қарсы дәрілік препараттардың жаңа түрлерін әзірлеуге бағытталған ғылыми және инновациялық жобаларды нысаналы қаржыландыруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізу;
- биологиялық қауіпсіздік саласындағы отандық ғылыми институттардың ғылыми-кадрлық, материалдық-техникалық әлеуетін дамыту жөніндегі нақты ұсыныстарды талдау және енгізу.