Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің «Сарыарқа» және «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық корабльдері «Теңіз кубогы – 2021»армиялық халықаралық ойындар конкурсына қатысу үшін Иранның Бендер-Энзели портына жорыққа шықты.
«Сарыарқа» кораблі негізгі болып жарысқа түседі, ал «Маңғыстау» кораблі резервтегі корабль ретінде жіберілді.
Халықаралық конкурсқа Әзербайжанның, Иранның, Қазақстан мен Ресейдің әскери теңізшілері қатысады.
Қатысушылар теңіздегі және әуедегі нысаналарға оқ атуда сайысқа түсіп, корабльді аман алып шығу үшін күреседі, құтқару даярлығы, корабльді белгіленген бағытқа қаратып, бөшкеге байлап, зәкірге қою бойынша шеберліктерін көрнекі түрде көрсетеді.
Қазақстан әскери корабльдерінің экипаждары конкурстық жаттығуларды кезең-кезеңімен пысықтай отырып, жыл бойы дайындалды. Биылғы жылы әскери теңізшілер үздік нәтиже көрсетуге барлық ынта-жігерін салуда.
«Теңіз кубогы» – Армиялық халықаралық ойындар бағдарламасына енгізілген алғашқы конкурстардың бірі. Теңіз дағдысын үздік меңгерген суүсті кораблінің экипажын айқындайтын жарыстар 2015 жылдан бастап өткізіліп келеді. Қазақстанның әскери теңізшілері 2015, 2016 және 2018 жылдары үш рет конкурстың күміс жүлдегері атанса, 2017 және 2019 жылдары үшінші орынды иеленді.