Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында кәріз-сорғы стансасында газ-ауа қосындысы атылып, оператор әйелдің денесін күйік шалды. Алдын ала болжам бойынша, ол есікті ашып, өзі сіріңке тұтатқан, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше сағат 22:55-те тіркелді. Кеңқияқ ауылдық ауруханасына «Кеңқияқ-СК» КМК кәріз-сорғы стансасында жұмыс істейтін оператордың күйік шалып түскені белгілі болды.
«Алдын ала болжам бойынша, оператор кәріз жинау бекетінің есігін алып, шырпы тұтатқан. Күйік шалған кезде бірден күйеуіне хабарласып, ол ауруханаға жеткізген.
Қазіргі кезде кәріз стансасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша оқиғаның себебі – өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауы. Науқастың денесінің 90-95% күйік шалған. Кеңқияқ ауылдық ауруханасы алғашқы көмек көрсетті. Ал түнде әйелді санавиациямен облыс орталығына жеткізді», - деп ақпарат таратты облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, Ақтөбенің Кеңқияқ ауылында бұған дейін мұнай-газ кешені өртеніп, төрт жұмысшыны күйік шалды. Олар облыс орталығы мен Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Екі жұмысшы ауруханада көз жұмды.