"Құрметті жерлестер! Мен үшін сіздерге қызмет ету аса зор құрмет болды. Мәселелерді шешуді басты басымдық ете отырып, барлығын әрқашан да шынайы және адал орындадым. Жылдар бойы жиналған мәселелердің біраз бөлігі шешілді, қалғандарын шешуге уақыт көбірек қажет болды. Екібастұздағы төтенше жағдай дәл сол – ұзақ уақыт бойы жиналып келген және тез шешілмейтін проблема.⠀
Дегенмен, қадірлі Екібастұз тұрғындары, қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігімнің де бар екенін білемін және сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын! Осы күндері менің барлық ойым мен уайымым сіздер туралы болды және солай болып қала береді. Сіздерге қайраттылық, ал мамандар мен әріптестеріме мәселенің жедел шешілуін тілеймін. Жерлестер, сіздерге жақынырақ таныса алған мүмкіндік үшін, конструктивті сындарыңыз үшін, ашық диалог пен 3 жылға жуық маған артқан сенім үшін шын жүректен алғыс айтамын", - деп жазды Әбілқайыр Сқақов Instagram-дағы парақшасында.
Еске сала кетейік, 27 қарашада Екібастұздағы жылу электр орталығында бір қазандық, кейін тағы үшеуі істен шығып, салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалған еді. Апат болған жерге дереу сол кездегі облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов келіп, жедел штаб құрылды. Сондай-ақ мемлекет басшысы жылу электр орталығында апатқа байланысты үкімет пен облыс әкімдігіне тапсырма берді. Сонымен қатар президент мұндай жағдайға жол берген адамдарды жауапқа тартуды тапсырды. 28 қарашада Екібастұзда жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.
Жылу магистралін жөндеуге қалаға өзге өңірлерден бригадалар келді. Бұдан бөлек жылу электр орталығында апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал 1 желтоқсанда Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылды. Оның міндеттерін уақытша Олег Крук атқарады.