"Мемлекет басшысы премьер-министр Әлихан Смайловқа еліміздің қалаларындағы проблема жиі туындайтын энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған. Себебі аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр. Екібастұзда орталық жылу берудің тоқтап қалуынан хабардар болған президент қала тұрғындарының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындарға тиісті көмек беріледі. Мемлекет басшысының пікірінше, азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қиындық тудыруға және олардың құқын аяқасты етуге жол беруге болмайды. Мемлекет басшысы үкіметке және облыс әкімдігіне таяу күндері Екібастұздағы жағдайды қалыпқа келтіру, қаладағы ауыр ахуалға жол берген адамдарды жауапқа тарту жөнінде тапсырма берді", - деп жазды президенттің баспасөз хатшысы.
Еске сала кетейік, 27 қарашада сағат түнгі 01:20 шамасында Екібастұз ЖЭО-дағы бір қазандық, кейін желілік суды көп тұтынуға байланысты тағы үшеуі істен шығып, салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалды. Апат болған жерге дереу облыс әкімі келіп, жедел штаб құрылды. Кешкісін қалада жағдайдың тұрақталғаны белгілі болды. Екібастұз қаласы әкімдігінің мәліметінше, дегенмен қазір қалада 17 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды нысан әлі де жылусыз отыр. Қалада төтенше жағдай жарияланды.