Алматыда жыл соңына дейін жаңа 5 мектеп салынып, үш мектеп кеңейтіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме жасаған kazlenta.kz
«Бүгінде қалада 25 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін «Қалқаман-2», «Қайрат», «Дархан», «Мәдениет» және «Нұркент» шағын аудандарында 7500 орындық 5 мектеп салынады. Сондай-ақ, 670 орындық қосалқы құрылыс нысанын салу арқылы №48, 191, 9 үш мектеп кеңейтіледі», - деді Ұлан Оңалбаев. Сонымен қатар, ол балабақша құрылысына тоқталды.
«920 орынды «Жас Қанат», «Саялы-2», «Айнабұлақ-4», «Ақжар» шағын аудандарында төрт жаңа балабақша салынады. Сондай-ақ басқарма қарамағында «Ақжар» және «Нұркент» шағын аудандарында 1350 орынды екі инновациялық шығармашылық орталық салу қарастырылған. Оларды пайдалануға беру 2023 жылдың екінші тоқсанына жоспарланып отыр»,- деді ол.
Сонымен қатар, ол биыл «Зерделі» шағын ауданында 380 орынды жатақханасы бар 720 орынды кәсіби техникалық училищенің құрылысы басталатынын жеткізді.
Сондай-ақ, №2 Алматы мемлекеттік педагогикалық колледжі үшін 450 орынды қосымша құрылыс салу жобасы әзірленуде.
«Ал жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 600 орынды 2 жатақхана салу жобасы әзірленуде (Алматы автомеханикалық колледжі және Алатау ауданының өнеркәсіптік аймағында орналасқан жатақханасы бар инновациялық технологиялар колледжі). Бұл нысандардың құрылысы 2023-2024 жылдарға жоспарланған»,- деп атап өтті спикер.