Ru  Kz
Барлық жаңалықтар

Назым Қызайбай: Арманым – Токиода топ жару

 

Соңғы жылдары әйелдер арасындағы бокс әлемде қарқынды дамып келеді. Бұл тұста біздің де өз мақтаныштарымыз баршылық. Солардың бірі һәм бірегейі – бокстан әйелдер арасында Қазақстаннан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Назым Қызайбай. Боксшы жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Президент кубогында жеңімпаз атанды. Назымды жеңісімен құттықтап, әрі алдағы жарыстарға дайындығы жөнінде сұрап, аз-кем әңгімеге тартқан едік. 


– Назым, қайырлы күн! Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Президент кубогында чемпион атандыңыз. Құттықтаймыз! Осы сайыс жайында, қарсыластарыңыз туралы айтып өтсеңіз...


Рахмет! Президент кубогында үш жекпе-жек өткіздім. Қуанышыма қарай, үшеуін де жеңіспен аяқтадым. Алғашқы кездесу өзбек боксшысы Тұрсынай Рахимовамен болды. Онымен осыған дейін екі рет жұдырықтасып, жеңіске жеткен едім. Бұл жолы ол алғашқы айналымда жолықты. Әрине, бастапқыда ауырлау болды. Себебі, ол да маған жақсылап дайындалған. Оның үстіне осыған дейін кездескендіктен, бір-біріміздің әдіс-тәсілімізді жақсы білеміз. Қорытындысында, жанкүйерлердің қолдап-қоштауымен бар күш-жігерімді салып, жеңіске жеттім. 


Екінші кездесу біріншіге қарағанда жеңілдеу болды десем болады. Бұл жолы рингте жастар арасында жиі танылып жүрген боксшы Жансая Абдраимовамен жолықтым. Ол да өте жақсы қарсылас. Бұл жекпе-жек екеуміз үшін өте жақсы кездесу болды. Ақырғы айқасты Жайна Шекербековамен өткіздім. Жайна екеуміз бір-бірімізге жақсы таныс қарсыласпыз. Оқу-жаттығу жиындарында жиі жолығамыз. Сол себепті де жекпе-жекте әдістерімді барынша тиімді қолданып, өз тактикамды жүзеге асыруға тырыстым. Ең бастысы жарысты сәтті аяқтап, жеңімпаз атандым. Дегенмен, әр сайыс жіберген қателіктерімнен сабақ алып, жетілдіру қажет тұстарымды зерделей түсуге сеп болады. Шаршы алаңға шыққан сайын тәжірибемді толықтырып, өз мүмкіндігімді арттыру үшін еңбектенемін. Әлем чемпионаты алдында осындай турнирлердің болуы қуантарлық жайт. Осылайша, дайындығымызды жетілдіре түсеміз.


– Қазіргі таңда қандай жарысқа дайындалып жүрсіз? Алдағы уақытта сізден қандай жаңалықтар күтеміз?


Қазіргі басты мақсатым – Әлем чемпионатында топ жарып, үздік болу. Ел намысын абыроймен қорғап, жеңіске жетуді көздеймін. Жыл соңына дейінгі алға қойған үлкен меже – Әлем чемпионаты. Оған дейін 3 кезең оқу-жаттығу жиындарын жүргіземіз, дайындық жұмыстарын пысықтаймыз. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оқу-жаттығу жиындары болады. Содан соң Әлем чемпионатына аттанамыз. Бүгінгі таңда физикалық, психологиялық және тактикалық тұрғыда дайындалып жатырмыз. Әрине, байрақты бәсеке оңай болмасы анық. Әлем біріншілігіне сайдың тасындай іріктелген әр елдің мықты сортшылары келеді. Десек те, ел намысы жолында барымызды саламыз.


 
– Бір сұхбатыңызда «Олимпиада чемпионы болу – басты арманым» деген едіңіз. Токиода топ жару мүмкіндігіңізді қалай бағалайсыз?

Олимпиада чемпионы болу – барлық спортшының арманы деп ойлаймын. Менің де үлкен арманым – олимп шыңын бағындыру. Алла қаласа, өзімді барлық жағынан жақсы дайындап, жеңіске жетуге тырысамын. Осы уақытқа дейін әлемдік біріншіліктерде 1 орын алсам да, олимпиада онындарында біздің салмағымыз болған жоқ. 51 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жүргеніме төрт жылдай болды. Осы жылдар ішіндегі негізгі ойым – олимпиадада бақ сынау. Қазір бар уақытымды жұмсап, осы жолда еңбектеніп жүрмін. Бұған дейін сәті түспеді. Осы жылы Токиода өтетін Олимпиадаға қатыссам деген ойым бар. Оған өте аз уақыт қалды. Уақытты тиімді пайдаланып, жақсы дайындықпен бару қажет. Арманыма жету үшін бар мүмкіндігімді пайдаланамын.


Төрт жылда бір келетін олимпиададан олжалы оралу – әр спортшының мақсат-мұраты. Ешқандай осал спортшы болмайды. Сондықтан психологиялық тұрғыда да жақсылап дайындалып, ел үмітін ақтау үшін аянып қалмау қажет.

 

– Жеке өміріңіз жайында да айта отырсаңыз. Тұрмыс құрып, ана атану ойда бар шығар. Бокс қолғабын шегеге ілер сәтті қалай елестетесіз?


Қазіргі таңда бізде жеке өмір кейінгі кезекте деп айтқан дұрыс шығар. Себебі, уақытымның көп бөлігін спортқа арнап жүрмін. Ай сайын жарыстар, оқу-жаттығу жиындары, дайындықтар болады. Отбасы құру, тұрмысқа шығу жайында ойланып жүрмін деп айта алмаймын. Басында айтып өткенімдей, қазіргі бар ойым – Әлем және Олимпиада чемпионы болу. Осы арманыма жетер жолда жұмыс жасап жатырмын. Содан кейін барып жеке өмірімді қолға алсам деймін. Әрине, тұрмыс құру, ана атану әр қыздың ойында болары сөзсіз. Сабақты ине сәтімен дегендей, әр нәрсе өз уақытында болады деп ойлаймын.


 

– Қыз баланың боксты таңдауы – оңай шешім емес. Бұған қатысты сұрақ жиі қойылатын шығар. Десек те, өкінішіңіз жоқ па? Боксқа деген құштарлық қай кезден басталып еді?


– Боксқа келу бала күнгі арман немесе ойымдағы дүние дей алмаймын. Мен боксқа кездейсоқ келген адаммын. Алғашында Алматыдағы спорт мектебіне барып, баскетбол секциясына оқуға тапсырмақ болдым. Сол жерде қыздар арасында бокс бөлімі бар екенін біліп, тез шешім қабылдадым. Боксқа ауылда жүргенде қатысқаныммен, ешкіммен жұдырық түйістіріп, шаршы алаңға шығып көрмеген едім. 


Баскетбол мен футболға қызықтым. Кәсіби боксқа бару ойымда болмады. Кейін Алматыға келгеннен қызығушылығым оянды. Себебі, баскетбол – командалық ойын. Жеке дамуға мүмкіндік болғанмен, жеке өнер көрсете алмайсың. Боксты таңдағаныма еш өкінбеймін. 4 айдан кейін Қазақстан біріншілігіне қатысып, 1 орын алдым. Солай бокстағы мансабым басталып кетті. Ұлттық құрама қатарына қосылып, шет елге жарыстарға шықтым. Жасаған жұмысымнан нәтиже көргеннен кейін, одан әрі өзімді дамытуды қолға алдым. Бокспен айналысқаныма еш өкінбеймін. Соның арқасында көптеген жетістікке жеттім. Обасыма, жақындарым көмектестім. Қуанатын себептер өте көп. Сондықтан, боксты қолға алып, жалғастырғанымды дұрыс шешім деп ойлаймын.

 

– Еліміздегі нәзік жандар арасындағы бокстың дамуына қандай баға бересіз? Болашақтан не күтесіз?


Қазір елімізде бокспен айналысып жүрген қыздар өте көп. Үлкендер арасында ғана емес, жастар арасында да талантты боксшылар өсіп келеді. Бокспен айналысып жүрген кіші буын үшін мүмкіндік мол. Әлем, азия чемпионаттарына, халықаралық турнирлерге қатысуға барлық жағдай жасалған. Себебі, әлемде әйелдер арасындағы бокс өте жақсы дамып жатыр. Болашақта біздің еліміз де биік белестерді бағындырарына сенемін. Бізден әлі талай әлем, олимпиада чемпиондары шығады деп ойлаймын.


- Сұхбатыңызға көп рахмет! Алдағы жарыстарда жеңіс тілейміз!

Сұхбаттасқан: Назерке Байділдә

скачать dle 11.1смотреть фильмы бесплатно
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
ҚАЗІР ОҚЫП ЖАТЫР
для добавления комментариев
Уже зарегистрированы?
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Или водите через социальные сети
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Валерий Меладзе Астананың сұлулығына таң қалды
Баян Алагөзова сәбилі болды
Қайрат Нұртас 15 тәулікке қамауға алынады
Бүгін Димаш Құдайберген 30 жасқа толды
Димаш Құдайберген Ақтөбе облысының құтқарушыларына алғысын білдірді
Мультимедиа
Шымкентте «Көк тудың желбірегені» атты патриоттар форумы өтті
Олжас Бектенов Президенттің Жаңаөзенді дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексеріп, ГӨЗ құрылысымен танысты
Мемлекет басшысы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті
Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайын аралап көрді