Оралда екі күнге созылған халықаралық «Jaiyq film fest» қысқаметражды және деректі фильмдер кинофестивалі өз мәресіне жетті. Шара нәтижесі бойынша үздік кинотуындылар анықталып, марапатталды. Аталмыш кинофестивальге әлемнің түкпір-түкпірінен өз туындыларын жолдаған шығармашылық ұжымдар ZOOM әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде салатаннаты кешті тамашалап, қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Естеріңізге сала кетейік, кинофестивальге 100-ден астам өтінім түскен болатын. Оның ішінен комиссиямен іріктелген 30 кинофильм қазылар алқасы назарына ұсынылды. Салтанатты кеште отандық кино өндірісі саласының майталмандарынан құралған қазылар алқасы қазылық етті. Қазылар алқасы құрамына кино және театр актрисасы, Құрмет және Парасат ордендерінің иегері Меруерт Өтекешова, кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек, режиссер-сценарист Ерлан Нұрмұхамбетов, актриса, «Канн» фестивалінің жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Еслямова, продюсер, сценарист, режиссер Жеңісхан Момышев, танымал кино оператор, продюсер Талғат Тайшанов, «Aqjaiyq» телеарнасының директоры Асланбек Ғұбашев, продюсер-сценарист, көптеген деректі фильмдердің режиссері Айгүл Черендинова кіріп, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз деп танылған фильмдерді атап, байқаудың қорытындысын жариялады. 10 аталым бойынша марапатталған өнер туындыларының ішінде басты жүлдеге тәжікстандық режиссер Н.Шералидің «Обуза» қысқа метражды фильмі лайық деп танылды. Байқау қорытындысы бойынша, «Үздік режиссер» аталымына «Анвар» фильмімен Өзбекстандық Шохжахон Субхонов, «Үздік сценарий» номинациясына отандық «Құдаша қыз» фильмімен Қалмұқаметова Айгерім ие болды.

«Үздік ер адам бейнесі» номинациясына «Бульмастиф» фильміндегі Украиналық Евгений Ламах ие болса, «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясын бас жүлдеге ие болған «Обуза» фильмінің актрисасы Тәжікстандық Саодат Сафарова иеленді. Келесі кезекте «Үздік қоюшы суретші» номинациясы аталымында үздік атанған Ольга Злобина Украиналық «Бульмастиф» фильмімен марапатталса, «Үздік операторлық жұмыс» номинациясы бойынша Алиса Тареличева Грузия, Ресей, Украиналық «Ормо» фильмімен марапатталды. Жерлестерімізбен түсірілген Аманат Рзағалиевтың «Нағашымның әңгімесі» фильмі «Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне» ие болды. Ресейлік Сергей Батаевтың режиссерлігімен түсірілген «Бойцовская рыбка» фильмі «Көрермендер көзайымы» сыйын қанжығаласа, Қырғызстандық режиссер Гульнара Айтмаматовамен түсірілген «Скользкая дорога» фильмі «Үздік деректі фильм» номинациясын еншіледі.
