Бөрлі ауданында шекарашылар күніне орай «Шекара күзету – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында шара өткізілді. Шара жоғарғы сынып оқушыларының шекарашы мамандығына деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында шекарашылардың бір күндік қызмет барысын көрсету форматында өткізілді. Оқушылар Жасуат ауылында орналасқан «Ақсай» шекара шебінде болып, шекарашылардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бөрлі ауданының ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға 9 және 10 сынып оқушылары қатысып, шекарашы қызметінің қыр-сырына қанық болды. Қызмет барысында қолданылатын қару-жарақтары, алып жүретін заттарынан бастап, су көліктері, арнайы жеңіл көліктеріне дейін, барша нысандар таныстырылды. Сонымен қатар шара барысында иісшіл иттердің жұмыс жасау тәсілдерін бақылап, жастарға жаттығу барысы көрсетілді.
Шараның негізгі мақсаты жастардың әскерге барғысы келмеуін негізге ала отырып, жас буынға шекара қызметінің маңыздылығын түсіндіру, Отан қорғауға деген жауапкершіліктерін арттыру болып табылады. Ел тыныштығын шекара сабында тұрып, кірпік ілместен күзететін шекарашылар қызметі ауыр әрі аса жауапкершілікті талап ететін мамандықтардың бірі. Шекарашы қызметі сақтықты, аса қырағылықты, шапшаңдық пен мұқияттылықты талап ететін қызмет түрі болғандықтан бұл мамандарға үлкен жауапкершілік артылады. Сондықтан аталмыш мамандық иелерінің жұмысы мен қызмет барысын жастарға түсіндіру арқылы шекарашы қызметіне деген сұранысты өсіру үшін осы сынды шаралар өткізу жоспарға алынып отыр.
Исмагулова Ақмарал Қуандыққызы, Бөрлі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
Шекарашылар күні қарсаңында шекарашылардың қызметінің маңыздылығы мен өзектілігі жайында шара өткізуді құп көрдік. Оқушылардың ерекше әсермен қайтып, осы мамандыққа деген қызығушылығының оянғанын көру – шараның нәтижелі екендігінің белгісі. Балалардың аталмыш қызметке деген ынтасын ояту қоғам қажеттілігі деп білемін.
Алиев Данияр Қасымұлы, «Ақсай» шекара бөлімшесі басшысының қызметін атқарушы, капитан:
Шекара қызметінің басты мақсаттарының бірі – көршілес елдер тарапынан басып кірудің алдын-алу, шекарамызды қорғау, ел қорғанысын басты назарда ұстау болып табылады. Осы жолды таңдағандықтан ел үшін аянбай қызмет етіп, күн демей, түн демей қызметте болуға дайынбыз. Ертеде шекарамызды батыр бабаларымыз қорғағандай, біз де ел шекарасын қорғауға аянбай атсалысамыз. Сол себепті шекарашыларды «Қазіргі заман батырлары» десек артық болмас. Жастарымыз да елі үшін жанын берер патриот азаматтар болып өссе, шекарамыз берік, еліміз тыныш болмақ.