Шымкентте өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 2023-2027 жылдар аралығында 401,5 млрд. теңгеге 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен 103 жоба пулы қалыптастырылады. Сонымен қатар, индустриалдық аймақтарды кеңейту және қосымша 5 индустриялық аймақ құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бұл аймақтарда экспортқа бағытталған елімізде аналогы жоқ сутегі тотығын (перекись водорода), ірі габаритті керамикалық тақталар, ұнтақталған полипропилен, йон алмастыру шайыр (йонообменная смола), ЛЭД экрандар өндіру жобалары іске асырылатын болады.
Солардың ішіндегі ірі жобаның бірі – керамикалық тақталар өндіретін зауыт құрылысы. Оны жүзеге асыратын қытайлық «WANG SHENG CERAMIC» ЖШС-і.
Жобаның инвестиция көлемі 25,5 млрд. теңгені құрайды, өнімді Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарланған. «Жұлдыз» индустриялық аймағында 2023-2025 жылдары жүзеге асырылатын зауытта прогрессивті және экологиялық таза технологиялар енгізіледі.
Екінші жобаны «Оңтүстік» АЭА аумағында «АЛМЭКС Полимер» ЖШС-і іске асырады. Ұнтақталған полипропилен өндіру жобасының инвестициялық құны – 38 млрд теңге. Өндіріс іске қосылса, 100-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Іске асыру мерзімі – 2027 жыл.
Атап өтейік, биыл қаламызда өңдеу өнеркәсібі саласында құны 10,9 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылған. Өнеркәсіп саласында үлесі 88%-ды құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 750,1 млрд теңгенің (2022 ж. 10 айы – 693,8 млрд тг) өнімі өндіріліп, 56,3 млрд теңгеге өскен.
Өңдеу өнеркәсібі көлемінің өсімі металлургия (2,1 есе), жеңіл (126,1%), жиһаз (123,2%) және химия (111,6%) өнеркәсіптері, тамақ өнімдер (102,0%) мен сусындар (105,0%) өндіру, дайын металл бұйымдары (144,5%), машина жасау (119,2%) және өзге дайын бұйымдар (148,6%) өндіру салалары есебінен қалыптасты.
14-12-2023, 11:46
Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 7 ірі жоба іске қосылды
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз