Астана қаласының прокуратурасы қызметтен шеттетілген жеке сот орындаушыларының ақша жымқыру фактісін анықтады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембайдың мәліметінше, екі жеке сот орындаушысы қызметі тоқтатылғанына қарамастан, алты ай бойы 87 балаға алимент төлеуге арналған ақшалай қаражатты иемденген.
Мысалы, жеке сот орындаушысы 2-топтағы мүгедек әкенің әлеуметтік жәрдемақы есебінен балалар үйіндегі екі баласына аударған алимент төлемдерін жымқырған. Тағы бір жеке сот орындаушысы қайтыс болған алимент төлеушінің банк шотынан ақшаны шешіп алып, оны өзі жаратып жіберген.
"Жалпы олар 5 млн теңге қаражатты жымқырған. Бүгінге прокурорлардың араласуынан кейін 34 балаға залал өтелді. Қалғаны бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Алаяқтық және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - делінген Бас прокуратураның хабарламасында.