Порталдың мәліметінше, оқиға 18 шілдеде болған. Сол күні сағат түнгі 23.50 шамасында Жарқынбек Айдарханбеков отбасымен үйінде отырғанда сырттан айғайлаған дауысты естіген. Көшеге жүгіріп шыққанда Қалқаман-2 ықшам ауданындағы Лапин көшесінде белгісіз ер адамның әйелге шабуыл жасап жатқанын көрген.
Сол уақытта әйелге көмекке келген тұрғын да зардап шеккен. Аға сержант Айдарханбеков оларға көмек көрсету үшін дереу оқиға орнына қарай жүгіріп барған. Ал ер адам әскери қызметшіні көре сала, сол маңдағы зиратқа қарай қаша жөнелген. Жарқынбек Айдарханбеков оны ұстау үшін соңынан қуып, жол-жөнекей жедел жәрдем мен полиция қызметіне хабар берген. Сөйтіп тәртіп сақшылары жеткенше, өзі ер адамды ұстап, кейін полиция қызметкерлеріне тапсырған.
"Ойланып тұратын уақыт болған жоқ. Бар байқағаным, қыз бала жерде әлсіреп жатты. Не болса да оны қолға түсіруді көздедім. Мұндай жауыздық жазасыз қалмау керек", - дейді Жарқынбек Айдарханбеков.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған факті Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Күдікті ретінде 31 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Қазіргі уақытта Наурызбай аудандық полиция басқармасы істің мән-жайын анықтау үшін жан-жақты толық тергеуге бағытталған іс-шараларды жүргізіп жатыр", – дейді полициядан. Зардап шеккен әйелдер болса алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілген.
Kris P тобының Telegram-дағы каналында жазуынша, ер адам шабуыл жасаған әйелдер - жұбайы мен оның анасы.