Ұлттық ұланның елордалық 5573 әскери бөлімінде өртеніп жатқан пәтерден баланы құтқарып қалған әскери қызметші марапатталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміздің Ішкі істер министрінің бұйрығымен ефрейтор Аслан Қожахметовке “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалі табыс етілді.
Награданы жауынгерге 5573 әскери бөлімінің командирі Нұрлан Мұхамедов тапсырып, жеке құрам атынан Аслан Қожахметовке батыл әрекеті үшін алғыс білдірді.
– Ефрейтор Қожахметов сол күні демалыс болғанына қарамастан, бейбіт тұрғындарды қиындықта қалдырған жоқ. Біздің басты міндетіміз – кез келген жағдайда, тіпті өмірімізге қауіп төндіретін болса да, азаматтарға көмек көрсету. Аслан осы міндетті абыройлы орындай білді, – деді Нұрлан Санжарұлы.
Сондай-ақ, Ұлттық ұлан жауынгері осы әрекеті үшін Төтенше жағдайлар министрінің алғыс хатымен де марапатталғанын атап өткен жөн.
Естеріңізге сала кетейік, 10 маусымда әскери қызметші қою түтінді байқап, айқайлап көмекке шақырған әжейдің дауысын естиді. Дереу түтіндеген пәтерге жүгіріп келіп, ас үйден өртті өз күшімен сөндіруге тырысып жатқан баланы көреді. Жағдайды бағалаған Аслан бірден баланы қауіпсіз жерге алып шығады. Жол-жөнекей өрт сөндіру қызметіне хабарласып, өрт шыққан кіреберістің (подъездің) басқа да тұрғындарын эвакуациялауға көмектеседі.