Оқиға Атырау облысы Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғыз апан елдімекенінің маңында болған. Ресей шекарасынан басталған өрт осы жерге дейін жеткен. Салдарынан Еділбай тұқымды қой өсірумен айналысатын мал зауытының малы өртеніп кеткен. Қойшы Уәлихан Қабдрахмановтың айтуынша, қырылған малдың саны 1000-нан асады.
"Өрт Ресей шекарасы тұсындағы әскери аймақ жақтан шығып біздің ауылға жетті. Малды қайрып, үйдің қасына жақындаған кезде жел көтеріліп, жалын лезде тарап кетті. Өзім үйге қарай қаштым. Үйде балаларым болды. От үйдің қасына техникамен тырналған жерге дейін жетті. Үйдің айналасындағы шөптердің барлығы жанып кетті. Далалықта өсіп тұрған Ақселеу деген шөп отқа тез жанғыш. Қойларды аман алып қала алмадым. Зауыттың асыл тұқымды мың қойымен бірге өзімнің де малдарым өртеніп кетті. Бірде-бір бас мал қалмады", - дейді Уәлихан Қабдрахманов.
Өртті Сүйіндік аулының 30-40 шақты тұрғыны өшірген және 5 тонналық суы бар 2 водовоз, 4 техника жұмылдырылған. Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшаровтың сөзінше, Ресей аумағындағы шаруа қожалығы да түгел өртеніп кеткен.
Шығын көлемін есептеу үшін арнайы комиссия құрылып, оқиға орнына "Сүйіндік асыл тұқымды мал қой зауытының" мамандары барған. Ол жерде мал өлекселерінен тазалау жұмыстары жүргізіліп, өлген малдар сол маңайдағы сайға көмілген.
Материал авторы Әйгерім Сайқын