Тараз қаласы және Тараз қаласы аумағынан жасыл желек құрудың жоспары бекітілетін болды. Ол жоспарда облыс орталығында атқарылатын жұмыстардың жобасы, кестесі нақты жазылмақ. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде өткен жиналыста өңір басшысы Асқар Исабекұлы айтып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырма жүктеді, деп хабарлайды zhambyl.gov.kz.
Жиында күн тәртібіндегі мәселе бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов баяндама жасап, шаһар айналасындағы жасыл желекке қолайлы аумақтар туралы мәлімдеді. Ол Тараз қаласы мен Байзақ және Жамбыл аудандарының облыс орталығына таяу орналасқан аумақтарының мүмкіншіліктерін ескере отырып, барлығы 450 гектар аумақты құрайтын 8 участок бойынша талдаудың нәтижесіне тоқталды. Олардың дені Тараз қаласы аумағынан десек, бірқатары шаһардан 10-15 км қашықтықта орналасқан. Сондай-ақ, алқаптарда ағаштардың егілу нұсқалары, оларды күтіп-баптау жұмыстары бойынша да ұсыныстар айтылды.
Асқар Исабекұлы ең алдымен жасыл желектің көлемін мүмкіндігінше 1000-2000 гектарға дейін ұлғайтуды және оның облыс орталығы аумағынан немесе барынша таяу орналасуын баса айтты. Себебі, ол тек тараздықтардың табиғи демалыс орны ғана емес, болашақта қаланың «өкпесіне» айналуы тиіс екендігін айрықша атап өтті. Өңір басшысы ағаш егілетін алқаптардың міндетті түрде су мәселесі шешілу керектігіне назар аудартып, қала аумағындағы Талас өзенінің жағалауларын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол үшін бос жерлердің мүмкіншіліктерін жан-жақты зерделеуге арнайы мамандар тартылмақ. Сондай-ақ, ағаш көшеттерін дайындайтын жаңа тәлімбақтар құру, қолданыстағы тәлімбақтың аумағын арттыру мәселесі де көтерілді.
Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жиында көтерілген мәселелердің барлығын қамти отырып, арнайы жұмыс жоспарын құруды тапсырып, ол үшін екі апта уақыт берді. Қажетті зерделеу-анықтау шараларын тезірек атқарып, тиісті жұмыстарды уақыт созбай бастауды міндеттеді.