Ауыл шаруашылығының дамуына өңірдегі су тапшылығы кедергі келтіріп тұр. Салдарынан өңірге азық-түліктің 85%-ы сырттан келеді. Қожалық иелеріне ет пен сүт өнімдерін және көкөністі көбейту үшін ауыз су қажет, дейді kazlenta.kz тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия көлемін де ұлғайту керек. Ешкі санын көбейтіп, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкелердің бірі Құмар Нұрпейісова былтырғы қуаңшылықтың кесірінен малдың біраз бөлігін сатуға мәжбүр болған.
Қолда барды сақтау үшін айына кемінде 500 мың теңгедей қаражат керек. Екі жылдан бері қуаңшылыққа қатысты субсидия аламын. Жем-шөп алғанда, оның көп көмегі бар. Енді соны биыл шөп шықты деп тоқтатып тастамаса болды, – дейді ол.
Ал жыл сайын жазда қайталанатын су тапшылығы мал басын көбейтуге де қауіп төндіріп тұр. Ал кәсіпкер Қазым Байрам аймақтың климаты қатал, өсімдікке қолайсыз дегенмен келіспейді. Өйткені, өзі осыдан 6 ай бұрын жабылғалы тұрған жылыжайды сатып алып, қазір ай сайын 10 тонна өнім өндіріп отыр. Оның көлемін арттыру үшін су мен кәсіби мамандар қажеттігін айтады. Қазір мамандар тапшылығын жою үшін түрік өкілдерімен келісімшартқа отырған.
Біздің тәжірибеміз бойынша жер астынан су шығаруға мүмкіншілігіміз бар. Тұзды суды тұщы су етуге Түркиямен байланысымыз бар. ОСМОС деген фильтрлеріміз бар. Осы суды шығарсақ Маңғыстау облысындағы ауыл шаруашылығында көмектесуге мүмкіндік болады, – дейді Қазым Байрам.
Бүгінде Маңғыстау облысында 70-ке жуық жылыжай бар. Оларға мемлекеттен көмек керек.
Шаруаларға құдық қазуға мал шаруашылығына жеңілдіктер жасалып жатыр. Ол үшін 50 бас ірі қара, 500 бас қой болу керек. Сондай-ақ, өзінің жері болу керек. Соған байланысты 85% құдық қазып беріледі. Енді егін шаруашылығына дәл осындай көмек болса дейміз. Ұсыныстарымызды да беріп қойдық,– дейді Қожалық иелерінің мәселелеріне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Бердібек Марқабаев.
Бұл орайда, қожалық иелеріне төленетін субсидия тоқтамайды. Оларды қолдау бағытында былтыр 600, ал биыл 700 миллион теңгеден аса қаражат берілген.