Балқашта бойжеткенді зорлаған экс-полицей мен оның таныстарына қатысты шығарылған жаза күшейтілді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
11 сәуір күні Қарағанды облыстық сотының судьясы Рашид Нұрмағамбетовтың төрағалығымен жиналған аппеляциялық алқа барлық төрт фигурантқа қатысты жаза мерзімін күшейтті.
- Олардың әрқайсысына 8 жылдан үкім кесті, бұдан алдын біреуіне 3 жыл, қалғандарына 5,6 жылдан берілген еді. Апеляциялық алқа одан да көп бере алар еді, бірақ Балқаш соты жұмсақ жазаның үстінен одан да қатаңдау жаза туралы үкім шығарғандықтан, апелляциялық алқа басқаша үкім шығара алмайды, - деді жапа шеккен қыздың әкесі.
Ол шығарылған үкімге көңілдерінің толатынын және үкімге шағым түсірмейтіндерін айтып отыр.
2019 жылы қаңтарда Балқашта бойжеткенді бір топ болып зорлаған төрт ер адамға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Зардап шеккен тарап соттың тым жұмсақ үкімімен келіспей, аппеляциялық арыз түсірген еді, сонымен қатар олар прокуратура органдарына да тағы қосымша тексеру жұмыстарын жүргізу үшін арыз жазған. Олардың пікірінше қызды ұрлап әкету дерегі есепке алынбаған көрінеді.
Бойжеткен АҚШ-та бірнеше жыл оқып, жұмыс істеген соң құжаттарын рәсімдеу үшін отаны Балқашқа келген. Қыдырып келген сапарында ол достарымен көңіл көтермек болған. Бірақ ол үйіне қайтып бара жатқан сәтте оған шабуыл жасаған, артынша оны күшпен көлікке мінгізіп, көлге алып кеткен. Сосын қызды соққыға жығып, зорлаған. Қылмысқа қатысы бар барлық фигуранттар 5,6 жылға бас бостандықтарынан айырылды, оның ішінде полиция қызметкері де бар. Зәбір көрген тарап соттың шешімін тым жұмсақ деп келіскен жоқ.