Қалалық ЖЭО-дағы ахуалмен, сондай-ақ Павлодар облысы әкімінің м. а. Ә. Сқақов пен "Павлодарэнерго" АҚ бас директорының м. а. В. Лесиннің баяндамаларымен танысқан үкімет басшысы төтенше жағдайдың алғашқы күнінен бастап арнайы жедел штаб құрылғанын және апаттың салдарын жою үшін барлық қажетті мамандар тартылғанын атап өтті.
"Жағдай дереу бақылауға алынды. Алғашқы күндері апатты жерлерді анықтауда қиындықтар болды, бірақ қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгін-ертең барлық тұрғын үйлерге жылу беру жұмыстары аяқталады деп отырмыз", - дейді Әлихан Смайылов.
Премьер-министрдің айтуынша, жылу желілерінің әбден тозуы, жаңғырту үшін инвестициялардың жетіспеуі, сондай-ақ жылу орталығы басшылығының салғырттығы осындай жағдайға алып келген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жылумен жабдықтау желісіне жоғары қысым беріліп, оның кесірінен 15 жерде бір уақытта құбырлар зақымданған. Сондай-ақ үкімет басшысы қазіргі уақытта тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын, оның нәтижесі бойынша барлық кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатынын айтты. Бұдан басқа, ЖЭО тұрақтылығын қамтамасыз етіп, оны жаңғыртуға және қалалық жылу желілерін жаңартуға инвестициялар салу бойынша жұмыс жүргізілетін болады. "ЖЭО немесе жылу желілерінде оқыс жағдайлар орын алған Өскемен, Рудный, Риддер және басқа қалалардың тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мәселелері де бақылауда", - дейді Әлихан Смайылов.
Жұмыс сапары аясында премьер-министр қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысып және жылусыз қалған үйлердің бірінің тұрғындарымен сөйлескен. Қорытындылай келе, үкімет басшысы әкімдікке халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, әлеуметтік желілер мен "жедел желі" арқылы түсетін қала тұрғындарының барлық сұраныстарына жедел жауап беру қажет екенін жеткізді.