"Кеше Стамбұлда болған жарылыс бойынша, төтенше жағдайдан кейін дипломаттарымыз дереу жергілікті билікпен, бас консулмен байланысқа шықты. Жарылыстан кейін мән-жайды анықтауға біраз уақыт кетті. Біздің дипломаттар түні бойы кезекшілік етіп, түрлі инстанцияларға телефон соғып, жақын маңдағы барлық ауруханаларды аралап шықты, бақытымызға орай, зардап шеккендер арасында біздің азаматтар жоқ", - дейді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сондай-ақ СІМ өкілі Түркия тарапы жүргізіліп жатқан тергеуге байланысты Стамбұлдағы жарылыс фактісі бойынша толығырақ ақпарат бере алмайтынын атап өтті. Еске сала кетейік, жексенбі, 13 қарашада Стамбұлдың туристік орталығында орналасқан Истикляль көшесінде жарылыс болды.
Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыс салдарынан 6 адам қаза тауып, 80-нен астам адам жарақат алған. Жарылысқа қатысы бар деген күдікпен 46 адам ұсталды. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алғашқы деректер жарылысты Күрдістан жұмысшылар партиясы және Күрд халық қорғанысы жасағы ұйымдастырғанын нұсқайды. Екі ұйым да Түркияда террористік ұйым деп танылған.