Айбек Смадияров шымкенттік тұрғынға қатысты жағдайды Қазақстан билігі анықтағанын айтты.
"Ол Венгрияда қамауда отыр. Полиция оны заңсыз мигранттарды тасымалдады деп айыптауда. Яғни, 1,5 ай бұрын ол Қазақстанда Шенген визасын алып, Еуропа елдерінің біріне ұшып кеткен және бір аптадан кейін Шығыс Еуропада болған. Оның ішінде Сербия, Венгрия, Чехияда болып, осы жолмен заңсыз мигранттарды тасымалдаған", – деді министрлік өкілі.
Айбек Смадияровтың айтуынша, қазақстандық азамат әу бастан қандай жұмысқа баратынын білген. "Бұл өте ауыр бап, ауыр айып", – деп қосты ол. Осы орайда Сыртқы істер министрлігінің өкілі Еуропаға жұмыс істеуге баратын қазақстандықтарды сол елдің заңнамасын мұқият зерделеуге шақырды.
"Ел заңдарын білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бұл жігітке адвокат таптық, ол жұмыс істеп жатыр. Барлық оқиғадан туыстары хабардар. Әрі қарай не боларын тергеу анықтайды деп ойлаймын", – деді Смадияров.
Еске салайық, бұған дейін Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғыны Қанатбек Өтебектің туыстары оның Еуропаға жұмыс істеуге кеткенін, көп ұзамай байланысын тоқтатқаны туралы хабарланған болатын.