Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде қайтыс болғандар мен зардап шеккендер саны өсті, деп хабарлайды kazlenta.kz
РИА Новости агенттігінің Оңтүстік Кореядағы БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлауынша, соңғы мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдайдан қаза болғандар саны 153-ке дейін, жарақат алғандар саны 103-ке дейін өскен. Бұған дейін 151 адамның көз жұмғаны және 82 адамның зардап шеккені хабарланған еді. Қаза болғандарды дені 18-30 жас арасындағы азаматтар. Басылымның жазуынша, қайтыс болғандар арасында 20 шетел азаматы бар. Сонымен қатар тағы 15 шетелдік зардап шеккен.
Айта кетейік, қаза болғандар арасында Қазақстан азаматы да бар. Ол Оңтүстік Кореядағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын 26 жастағы Ақтөбе қаласының тумасы. Еске сала кетейік, Сеулдегі қайғылы жағдай өткен түні қаланың Итэвон ауданында Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде болған еді. Жергілікті ақпарат агенттігінің мәліметінше, коронавирус пандемиясынан кейін алғаш рет ұйымдастырылып отырған Хэллоуин мерекесіне ондаған мың адам келген. Кенет бір мезетте тар көшедегі адам санының көптігінен, халық кептеліп қалған. Қазіргі таңда қайғылы жағдайға байланысты Оңтүстік Кореяда Ұлттық аза тұту күні жарияланды.
31-10-2022, 09:36
Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде көз жұмғандар саны артты
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз