Қазақстанда қыркүйек айында тұрғын үйді жалға беру бағасы жылдық мәнде 47,2 пайызға өскен. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазады kazlenta.kz
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде өткен айда тұрғын үйді жалдау ақысы бір шаршы метрі үшін - орта есеппен 4 612 теңгені құраған, бір ай бұрын ол 4 029 теңге мөлшерінде болған. Республика бойынша баспананы жалға беру құны Алматы қаласында жоғары, шаршы метріне 5 611 теңгеден.
Одан кейінгі орындарда Астана (шаршы метріне 4 485 теңге ) және Ақтау (шаршы метріне 3 253 теңгеден ) қалалары тұр. Баспананы жалға беру ақысы ең төмен қалалардың қатарында Қызылорда (шаршы метріне 1 797 теңгеден басталады ), Тараз (шаршы метріне 1 809 теңгеден) және Жезқазған (шаршы метріне 1 845 теңгеден) бар. Ал тұрғын үйді жалға алу бағасы бір айдың ішінде Қостанай қаласында 42,6 пайызға, Петропавл қаласында 27 пайызға өскен.
Баға өсімінің үштігінде Қарағанды қаласы да бар, онда қыркүйек айында тұрғын үйді жалға алу құны тамызбен салыстырғанда 21 пайызға өскен. Тұрғын үйді жалға алу бағасы аздаған мөлшерде Түркістан (0,6 пайыз), Талдықорған (3,5 пайыз), Шымкент (3,9 пайыз) және Қызылорда (4,3 пайыз) қалаларында да өскен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қыркүйек айында жылдық инфляция 17,7 пайызды құраса, тұтыну бағалары индексінің құрылымында ақылы қызметтер 12,3 пайызға қымбаттаған.
5-10-2022, 16:14
Қазақстанда пәтерді жалға беру ақысы қыркүйек айында қанша пайызға өсті
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз