Кездесуде тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелер бойынша пікір алысты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Елбасы Ресей Федерациясының Президентіне ТМД-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларының бейресми саммитіне Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы ретінде қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді.
– Құрметті төраға ретінде бүгін бейресми кездесуге қатысамын. Мен 1991 жылғы желтоқсанда Алматыда ТМД-ның құрылу сәтіне куә болғандардың бірімін. Бұл тарихи оқиғаның қалай болғанын жақсы білемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті сондай-ақ Еуразия экономикалық одағын одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталып, бұл интеграциялық бірлестіктің тиімді әрі өзекті екенін айтты.
– Еуразия экономикалық одағы толық құрылды, оған көпшілік көз жеткізіп отыр. Пандемияға қарамастан тек Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі 24 миллиардты құрайды. Бұл бұған дейінгі жылдарда болып көрмеген рекорд. Біздің міндетіміз – Еуразия экономикалық одағын дамыта түсу, қауымдастырылған мүшелер мен байқаушыларды қабылдау. Жаңа мүшелерге мұның тиімді екенін дәлелдеу. Өйткені консенсус негізінде жұмыс істейтін бұл бірлестік оның бірде-бір мүшесінің құқығы мен мүдделеріне нұқсан келтірмейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Еуразия экономикалық одағын құруға және Еуразия құрлығында экономикалық интеграцияны одан әрі дамытуға қосқан үлесін атап өтті.
– Қазір пандемияға байланысты жағдай өте күрделеніп, бүкіл дүние жүзінде өндіріс төмендеген тұста біздің өзіңізбен бірге жасаған механизмдеріміз бен құралдарымыз тиімді жұмыс істеп тұр. Қазақстанмен қарым-қатынасымызға тоқталғанда 2020 жылы пандемия ең күшейген кезеңде де экономикамыздың қатты құлдырауына жол бермегенімізді айтсақ жеткілікті. Ал биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында өсу көрсеткіші 30 пайыздан асты. Әрине, бұл Қазақстанның қазіргі басшылығымен біздің бірлескен жұмысымыздың маңызды нәтижесі, – деді Ресей Федерациясының Президенті.