Елордалық алғашқы екі көппәтерлі тұрғын үй кешені газға қосылды. Олардың бірі "Көктал-1", екіншісі "Промышленный" тұрғын алабында орналасқан, деп хабарлайды Нұр – Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Елорданы газдандыру Елбасының ауқымды жобасы болып табылады. Оны жүзеге асыру барысы Мемлекет басшысының бақылауында.
"Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 2019 жылдың қыркүйегінен бастап елорда аумағында газбен жабдықтау желілерін салу бойынша өте үлкен жобаны жүзеге асыруда. Екі жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде қалада 650 км газ тарату желілері салынды. Бүгінгі таңда 9 тұрғын үй алабын қосуға қолжетімділік қамтамасыз етілген, яғни 14 мыңға жуық абонент газға қол жеткізе алады. Бүгінде алғашқы екі тұрғын үй кешені газға көшірілді. Бірінші үй "Көктал-1", екінші үй "Промышленный" тұрғын алабында орналасқан. Бұл айтарлықтай үлкен үйлер, біреуінде - шамамен 70 пәтер, екіншісінде – шамамен 190 пәтер бар. Тұтынудың алғашқы кезеңінде тұрғындардың бұрын қанша төлегенімен салыстырғанда 3 еседен астам үнемдеу байқалады. Олар газға көшудің жайлылығын сезінді",- деді Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Мақсат Есмағұлов.
Газға қосылған тұрғын үй кешендері бірінің құрылысын салушының өкілі Оксана Реснованың айтуынша, үйде газ жеткізуде кедергі жоқ.
Тұрғын үй кешендерінің тұрғындары газға көшудің артықшылықтарын бағалады. Майра Нұралиева МТК-да шамамен алты ай тұрады. Оның айтуынша, үй өте жылы, барлық жылу жүйесі заманауи стандарттарға сай жабдықталған және тұрғындарға аязды қыста алаңдауға негіз жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінде Алматы мен Сарыарқа аудандары газдандырылды. Газ тарату желілері 9 тұрғын алаптарында жүргізілді: "Көктал-1", "Көктал-2", "Железнодорожный", "Промышленный", "Агроқалашық", "Оңтүстік-Шығыс", "Интернациональный", "Мичурино", "Күйгенжар". "Қазақауыл", "Ақбидай" шағын аудандарында, сондай-ақ қаланың Потанин көшесіндегі ескі бөлігінде газ іске қосу үшін іске қосу-жөндеу жұмыстары жалғасуда.