Альфия Каримова «Башқұртстан Республикасының Халық әртісі» құрметті атағына ие болды. Қазақстанға үш күндік ресми сапары аясында Башқұртстан басшысы Радий Хабиров марапатты әншінің өзіне табыс етті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты «Астана Операның» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Елордалық театрда Альфия ашылған сәттен бастап жұмыс істейді. 2015 жылы жетекші солист «үздік әйел дауысы» номинациясында The opera ball award сыйлығын алды. Әншінің қоржынында халықаралық байқаулардағы көптеген жеңісі бар, оның ішінде Н.Римский-Корсаков атындағы (Санкт-Петербург, Ресей, 2006) байқау, Ф.Виньяса атындағы халықаралық (Барселона, Испания, 2007) байқау бар. Ол - "Золотая маска" ұлттық театр сыйлығының номинанты (Ресей). Сондай-ақ, 2007 жылы Альфия Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер байқауының гран-при иегері атанды.
Оны халықаралық вокалистер байқауының қазылар алқасының мүшесі ретінде жиі шақырады. Осылайша, Альфия Каримова Ұлыбританияда, Ресейде және Қазақстанда талантты әншілерді іріктеуге атсалысқан.
Опера әншісі педагогикалық қызметпен айналысады. ҚазҰӨУ-де вокалдық өнер және дирижерлеу кафедрасында сабақ береді.
Жыл сайын солист гастрольдерінің аясын кеңейтеді. Оның есімін Италия, Испания, Нидерланд, АҚШ, Канада, Түркия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Ресей және ТМД елдеріндегі концерт залдары мен театрларының афишаларынан жиі байқауға болады.
Театр директоры бастаған "Астана Опера" ұжымы жетекші солист Альфия Каримованы шығармашылық өміріндегі маңызды оқиғамен – "Башқұртстан Республикасының Халық әртісі" атағын алуымен құттықтап, оған жаңа, үлкен жетістіктер тіледі.