Бүгінгі таңда Қазақстанда шамамен 14,9 млн га дәнді дақылдар жиналды, бұл - барлық егіннің 86%-дан астамы. Орташа өнімділік соңғы бірнеше жылдағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Диқандар биыл жылдағыдай рекордтық өніммен мақтана алмайды. Өйткені орташа өнімділік соңғы бірнеше жылдағы ең төмен көрсеткіштердің біріне айналды және гектарына шамамен 9,2 центнерді құрады, жалпы бүгінгі күнге дейін 13,6 миллион тонна астық бастырылды.
Айта кету керек, ұқсас көрсеткіш (9,3 ц/га) құрғақшылығымен есте қалған 2021 жылы болған, ал өткен жылы бұл деңгей шамамен 13 ц/га құрап, 20,1 миллион тонна астық бастырылды.
2023 жылы вегетациялық кезеңде диқандар бірқатар қиындықтарға тап болды. Оңтүстік аймақтарда құрғақшылық болды, ал солтүстікте толассыз жаңбыр жауды, бұл егіннің жай-күйіне және жиналған дақылдың сапасына әсер етпей қоймады.
Қазақстандықтар ұн бағасының өсе ме деп алаңдаулы. Алайда, "Қазақстанның астық өңдеушілер одағы" ЗТБ құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Евгений Ган егін өнімділігі ең төмен болған жылдары да Қазақстан өзін-өзі асырай алғанын атап өтті.
Оның айтуынша, елімізде жалпы сақтау сыйымдылығы 12,8 млн тонна болатын 189 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Агроқұрылымдарда жалпы сыйымдылығы 16,6 млн тонна болатын 12 мың 127 бірлік астық қоймасы бар.
Айта кетейік, бұдан бұрын ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл дәнді дақылдардың өнімділігі төмен екенін мәлімдеген. Министрдің сөзінше, күз басында 3 аптадан аса жауған жауын диқандарға кесірін тигізген.
«Бұл жаңа түсімнің сапасының нашарлауына, астықтың өніп кетуіне, жоғары ылғалдылық пен рефакцияға және дәнді дақылдардың төмен өнімділігіне әкелді», - деді ол.
Сондай-ақ, бұл маусымда Қазақстанда өз комбайндары жоқ шағын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары егін жинауға әлі кіріскен жоқ. Егер олар күн суытқанға дейін жинап үлгермесе, еккен егінінен айырылу қаупі бар.