Талдықорғанда автокөлігін тротуарға қойған жүргізушіге айыппұл салынды, Polisia.kz-ке сілтеме жасап kazlenta.kz деп хабарлайды
Полицияға қала тұрғынынан Талдықорған қаласының көрікті жерлерінің бірінде “Сузуки” маркалы автокөлігінің анық құқық бұзушылықтармен қойылғандығы және оның біраз уақыт бойы тұрғандығы жайында шағым келіп түскен.
– Шетелдік автокөліктің жүргізушісі өз көлігін белгіленбеген жерге қойып, 3.2 (қозғалысқа тыйым салынады) жол белгісінің талаптарын елемеген. Жүргізушінің бұл әрекеті жергілікті тұрғындар тарапынан қызу талқы мен наразылық тудырды. Бірден жүргізуші 40 жастағы Талдықорған қаласының тұрғыны анықталыпп, жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Талдықорған қаласы Полиция басқармасының басшысы Асқар Нурсапа.
“Жастар” спорт кешені жанындағы тротуар бойында орнатылған “Қозғалысқа тыйым салынады’ жол белгісінің талаптарын сақтамау дерегі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабына (3.2 қозғалысқа тыйым салынады жол белгісінің талаптарын сақтамау ) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, көлік құралының жүргізушісіне 3 АЕК (5556 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
– Алдағы уақытта осындай құқық бұзушылықтарды болдырмау және жол белгілері талаптарының сақталуын бақылау мақсатында осы учаскеге патрульдік полиция ротасының экипажы бекітілді. Өз кезегімізде, белсенді азаматтық ұстанымы бар, Талдықорған қаласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге көмек көрсеткен қырағы азаматтарға алғыс білдіреміз, – деп толықтырды А. Нурсапа.