«ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Израильдің Gaon Group компаниясының өкілдерімен сумен жабдықтау, ағынды суларды тазарту және инфрақұрылымды дамыту саласындағы байланысты арттыру жолдарын қарастырды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Кездесу барысында «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Әділхан Өмірбаев кәріз-тазарту жүйелерін салу және жаңғырту, тазартылған ағынды суларды қайта пайдалану, лай қалдығын тыңайтқышқа айналдыру, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да жобаларды іске асырудың өзектілігін атап өтті. Өз кезегінде Gaon Group ТҰК басқарма төрағасы Гай Регев компанияның мол тәжірибесі негізінде аталған мәселелердің шешудің тетігін ұсынды.
Сондай-ақ кездесуде SCADA жүйесін енгізу арқылы су және жылумен жабдықтау жүйелерін цифрландыру мәселелеріне байланысты өзара тиімді қарым-қатынасты нығайту жолодары пысықталды.
Тараптар ақпарат алысуды жалғастырып, екіжақты әріптестікті күшейтудің амалдарын әрмен қарай дамытуға келісті.
1951 жылы құрылған Gaon Group ТҰК Израиль еліндегі жетекші компаниялардың бірі. Аталған ұйым сумен жабдықтау саласында озық және инновациялық шешімдерді, қызметтер мен өнімдердің кең спектрін ұсынып келеді.