Қарасай ауданы Шамалған ауылында еліміздің үздік мергендері жиналды. Үшқоңыр спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан Қазақстан чемпионаты өтті.
Осымен екінші рет ұйымдастырылған біріншілікке 15 командадан 156 спортшы қатысты. Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан, кезінде ұмыт қалған ата-баба өнерімен бүгінде елімізде 3000 адам айналысады. Оның ішінде Алматы облысының спорт мектептерінде де садақ ату секцияларында балалар мен жасөспірімдер тегін жаттығып, жоғары нәтиже көрсетуде. Өңіріміз аталмыш спорт түрінде көшбасшылардың бірі.
Қазақстан чемпионатының ұйымдастырылуын қонақтар жоғары бағалады. Алатау бөктеріндегі заманауи стадион мен сапалы көгал жарыстың эстетикалық көрінісін арттырды. Қатысушылар бұл - ерекше чемпионат болғанын атап өтуде.
«Біріншілікке өз аймағында 1-3 орын алған садақшылар ғана келді. Бұл талап – сапаны арттыру мақсатында қойылып отыр. Әлемдік додаларда Қазақстан намысын абыроймен қорғайтын мықтылардың мықтысын осы күндері Шамалғанда анықтадық», - деді Қазақстан дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов.
Біріншілік жастар және ересектер арасында пута, Орта Азия, қалқан және жамбы санаттарында өтті. Жарыс нәтижесі бойынша ең көп жүлде еншілеген Астана қаласының құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік шықты. Екінші орында Ақмола облысы, үшінші сатыда Қостанай облысы. Ал, Алматы облысы ең күрделі сайыс – командалық бәсекеде қарсылас шақ келтірмеді. Аға жаттықтырушы Ахмет Мұғалов шәкірттері ақтық сында Абай облысының мергендерінен басым түсті.