Ақтөбе облысында 2018 жылы - cегіз адам, биыл үш айда бес азамат терроризм айыбымен сотталған. Бұл туралы 18 сәуірде
Ақтөбе облыстық сотында өткен тоқсан қорытындысына арналған жиында айтылды деп хабарлайды Azattyq.
Облыстық сот мәліметінше, биыл бас бостандығынан айырылғандардың бесеуі де "терроризмді насихаттағаны және терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны үшін" істі болған. Ал 2018 жылы сотталғандар арасында "террористік топ құрып, оған басшылық еткендер" мен "экстремизмді қаржыландырғандар" болған.
Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, 2018 жылы "діни тұрақтылықты қамтамасыз ету" шараларына 25,2 млн теңге жұмсалған. Ал биыл бұл үшін облыс бюджетінен 20 млн теңге жұмсау көзделген.
"Бұл қаржыға түрлі семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылып, облысқа теологтер шақырылады. Сондай-ақ, деструктивті ағымды ұстанатын азаматтарды мамандыққа баулып, жеке кәсібін ашуына жағдай жасалады" деп хабарлады әкімдік.