2023 жылғы 7 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экс-депутат Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. Антикор қазір тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, Нұржан Әлтаев Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, кейіннен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жүйелі негізде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.И. Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деп күдіктенеді.
"2018-2020 жылдар кезеңінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқара отырып, ол А.И. Мырзахметовтың мүддесі үшін әрекет етіп, оның ұйымына мемлекеттік тапсырыстарды алуына ықпал етіп, жалпы қамқоршылық көрсеткен".Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі
Нұржан Әлтаев Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.
"ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – делінген хабарламада.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.