Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумына қатысуға келгені үшін Хельга Шмидке алғыс айтып, аталған форум Батыс пен Шығыс арасындағы байланыстарды нығайтуға ықпал ететін жаңа алаң екеніне назар аударды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
– Сіз бастап келген ЕҚЫҰ делегациясы осы форумда көптеген түйткілді мәселелердің оң шешілуіне елеулі үлес қосады деп санаймын. Өкінішке қарай, қазір әлемде ондай проблемалар бар. ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастықты нығайту Қазақстан үшін басым бағыт саналады. Бізді ұйымның рөлі туралы пікірлер қайшылығы алаңдатады. 2010 жылы Астанада өткен саммиттен кейін министерлер деңгейінде де, басқа форматта да бірде-бір ресми құжат қабылданған жоқ. Әрине, бұл – алаңдатарлық жайт. Біз ұйым аясындағы байланыстарды нығайту қажет екеніне бұрынғыдай кәміл сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.