Еліміздегі 130 су нысаны, оның ішінде 84 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал және 1 теңіз суының сапасы тексерілді. Нәтижесі 40 су нысанында сапа ең төменгі санатқа жатқызылған, соның 33-інде ластану деңгейі өте жоғары болды. Аталған мәселе туралы сенатор Амангелді Толамисов депутаттық сауалында баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, мамандар анықтап отырған ластанудың басты себептерінің бірі – тазартылмаған судың өзен-көлдерге ағуы. Бұл бағытта талапты бұзып отырғандар қатарында өнеркәсіпте, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық заттар мен басқалары бар.
«Былтыр Алматыдағы «Алтын орда» базары аумағында «Altyn Orda Qaz Trade Ltd» ЖШС-ны тексеру барысында шаруашылық-тұрмыстық қажетке пайдаланылатын су тарту құрылғысы табылғаны белгілі. Су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган базарға арнайы су пайдалануға рұқсат бермегені жайлы ақпарат анықталды. Тіпті, су көлемін өлшеу жабдықтары да жоқ болып шыққан. Ал санэпидқадағалау мамандары базар аумағынан лас су Ақсай өзеніне төгіліп келгендігін де сол кезде ғана анықтаған. Міне, осындай нысандардың елімізде жоқ екеніне кім кепіл?», - деді А. Толамисов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Депутат су ресурстарын тиімді пайдалану үшін қадағалау органдарының жұмысын заңнамалық тұрғыда реттеуді, осы олқылықтар мен заң бұзу деректерін тұрақты тексерулер арқылы анықтауды ұсынды.
Сенатор жергілікті аумақтардағы су ресурстарын пайдалануға мемлекеттік бақылау іс жүзінде жүргізілмейтінін атап өтті. Осыған байланысты ол Министрлер кабинетінің басшысына бірқатар ұсыныстар айтты.
«Су ресурстары комитетінің және оның Су қорын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі бассейндік инспекцияларының штат санын ұлғайту керек. Су ресурстарын пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілік деңгейін арттыру үшін су қорын пайдалану және қорғау саласындағы бақылаудың жаңа нормаларын қарастыру орынды», - деді депутат.