ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында машина жасау саласының алдында тұрған сын-қатерлер мен саланы одан әрі жан-жақты дамыту шаралары талқыланды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Форумның пленарлық отырысына Президент Әкімшілігінің, орталық мемлекеттік органдар мен өңірлер әкімдіктерінің басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатының депутаттары, шет мемлекеттердің өкілдері, кәсіпкерлер мен салалық сарапшылар қатысты.
Сөз басында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.
«Бұл форум осы саланы өркендетуге ықпал ететін тың тәсілдер табуға арналған тиімді диалог алаңына айналды. Ел экономикасын әртараптандыру үшін инновацияға және озық технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібін қарқынды дамыту өте маңызды. Осы стратегиялық мақсатқа жету жолында машина жасау өндірісі айрықша рөл атқарады.
Былтыр бұл салада жалпы құны үш триллион теңгеден асатын өнім өндірілді. Тауар түрлері, экспорт көлемі көбейді. Мыңдаған жұмыс орны ашылды. Бұған кәсіпорын ұжымдарының қажырлы еңбегі, мемлекеттің орнықты саясаты және ауқымды қолдау шаралары зор септігін тигізді.
Біз машина жасау өнеркәсібіне инвестиция салуға қолайлы жағдай жасап, оның бәсекеге қабілетін арттыруымыз керек. Сол үшін менің тапсырмаммен Кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Онда көрсетілген іс-шаралардың табысты жүзеге асырылуы осы саланың тың қарқынмен дамуына және еліміздің өркендеуіне барынша ықпал етеді деп сенемін.
Өз өндірісімізді жандандыру, терең өңделген өнімдерді көбірек шығару және біртіндеп сыртқы нарықтарға шығу – біздің басты міндетіміз. Сіздер бұл міндетті абыроймен орындай алатындарыңызға сенімдімін», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде Премьер-Министр бүгінде Қазақстан елді индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету саясатын жалғастырып жатқанын атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібінің локомотиві болып табылатын отандық машина жасау саласының дамуы Үкіметтің ұдайы назарында. Өткен жылы машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 9,4%-ға артса, ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 36%-ға өсіп отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің Қазақстандағы ішкі сұранысы $23 млр-ты құрайтынын, бүгінде оның $3,1 млрд-ы ғана отандық өндіріспен қамтылып отырғанын айтты. Сондықтан, импортты алмастырудың есебінен машина жасау өндірісін ары қарай дамытуға күш салу қажеттігін атап көрсетті.
Шара барысында отандық өндірісті технологиялық қайта жарақтандыру, кооперация байланыстарын нығайту, инновациялық шешімдерді енгізу, қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау, жоғары білікті мамандарды даярлау сияқты саланы дамытудың басқа да кең ауқымды мәселелері талқыланды.«Біздің алдымызда қолжетімді қаржы құралдарын ұсыну, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды ұлғайту және экспортты дамыту арқылы машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр», — деп атап өтті Үкімет басшысы.