Бүгін Көксу ауданы Жарлыөзек ауылында пропан газы бар газ таситын машина аударылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына жедел түрде ТЖМ Жетісу облысындағы бөлімшелері мен мүдделі ұйымдар жіберілді.
Автомобиль автокранның көмегімен өз дөңгелектеріне тұрғызылды. Бұл ретте барлық көтеру процесі төтенше жағдайлар қызметкерлерінің бақылауында болды. Балпық би ауылы № 4 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері пропан газымен толтырылған цистернаны көтеру барысында ұшқын пайда болмас үшін оған көбік шашып тұрды. Бұл қауіпті ұшқындардың пайда болуына және тиісінше автомобиль цистернасының жарылуына жол бермеді. Үйлесімді шаралардың арқасында қаза болған және зардап шеккен адамдар жоқ.
Азаматтарға газбен және басқа да жарылу-өрт қауіпті заттармен жұмыс істеу кезінде аса сақ болуға кеңес береміз.