Мәжіліс отырысында депутат Сауытбек Әбдірахманов Бас прокурор Берік Асыловтан қаңтар оқиғасы кезінде мемлекет төңкеріс жасалды ма жоқ па, егер жасалса оны ұйымдастырушылар кімдер деп сұрады.
"Мемлекет төңкерісі бойынша бұл өте күрделі сұрақ, тергеу кезінде әбден зерделедік, әрине мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды, оны толығымен тергеу көрсетті. Төңкеріске оқталу алдын ала дайындалып, жоспарланған. Бұлардың ішінде, атап айтқанда, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де, діни экстремистер де, бұрын сотты болған адамдар да, ДВК жақтаушылары да болған. Олардың әрекеттерінен сегіз қалада мемлекеттік 71 ғимарат өртеніп-бұзылған.
Ұйымдастырушыларға келер болсам, мемлекетке опасыздық жасау мен билікті басып алуға оқталу бойынша ҰҚК бұрынғы төрағасы мен орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалған, ол сотқа жолданып аса құпия тәртіпте сотта қаралуда. Екіншіден, бүгінде жаппай тәртіпсіздіктің 18 ұйымдастырушысы анықталды. Қызылорда да, Алматыда да, Жамбыл облысында да сол ұйымдастырушылар арқылы көптеген мекеме бұзылып, көптеген қылмыс жасалды. Оның ішінде Жұмагелдиевтің айрықша рөлі болды. Одан басқа діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Нұрпейісов пен Тілекжанов Алматы әуежайын басып алған", - деп жауап берді Бас прокурор.Айта кетейік, бұған дейін Бас прокурор қаңтарда ең белсенді әрекет еткен "Айшуақ-Жантүгел" мен "Дикий Арманның" топтары екенін мәлімдеген болатын.