Орал қаласында жылу-қуат орталығында қайта құру жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, орталықты жаңғырту аясында турбиналық агрегат пен градирняны қайта құру бойынша екі жоба жүзеге асырылуда.
Оның сөзіне қарағанда, күні бүгін турбиналық агрегат пен оның қосалқы жабдықары алынған. Жуық арада турбинаны орнату жұмыстары басталмақшы.
Жұмыс кестесіне сәйкес турбинаны алдағы жылдың мамыр айында пайдалануға беру көзделуде. Бұл турбиналық қондырғыны ауыстыру өндірілетін электр қуатын 12 МВт көлемінде ұлғайтады. Яғни жалпы электр қуаты 58 МВт-ға жетпекші.
Сондай-ақ градирняны орнату үшін автоматтандырылған басқару жүйесінің блогы және жиынтық-трансформаторлық қосалқы станса орнатылды, су құбырлары толығымын төселді. Градирняның өзі 2023 жылдың қаңтарында орталыққа жеткізіліп, наурыз айында іске қосылмақшы.
«Алайда бұл жылу-қуат орталығын толық жаңғырту мәселесін шешпейді. Жылу қуатының төмен тарифіне байланысты кәсіпорын барлық шығындарды, соның ішінде қазандық агрегаттары сияқты негізгі жабдықтарға кететін шығынды жаба алмайды. Оған қоса коммуналдық қызметтің төмен тарифі қызметкерлердің жалақысына да әсер етеді. Сонымен қатар Орал қаласында №2 және №5 жылу магистральдарын қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда, содан кейін бюджеттік өтінімдер республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін жіберілетін болады», деді Т.Меңдіғалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ірі қара саны 790 мыңға жеткенін жазған болатынбыз.