Қазақстан ПТР диагностикамен қамту бойынша әлемде 37-орында тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстанда 11 тамызға 100 164 науқас тіркелген. Оның ішінде 25 171 науқас ем алып жатыр. 73 702 пациент немесе 73,6 пайызы емделіп шықты. 1 091 адам қайтыс болды. Вирус репродуктивтілігінің немесе 1 науқастың өзгелерге жұқтыру көрсеткіші 1,72 болатын. Карантин енгізгеннен кейін репродуктивтілік көрсеткішінің тұрақты түрде төмендеген көріп отырмыз. Ол 2 есеге, яғни 0,82-ге дейін төмендеді», - деді министр.
Оның атап өтуінше, ел басшылығының жан-жақты және дер уақытында қолдау көрсетуі қымбатқа түсетін диагностикалаумен науқастарды қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде Қазақстан ПТР диагностикамен қамту бойынша әлемде 37-орында тұр.
«Елдегі ауырғандар көрсеткіші өзгертіліп, тіркелген жағдайлар саны артты. Қазіргі уақытта Қазақстан әлемде 43-орында тұр. Анықталған пациенттердің дер уақытында өзін-өзі оқшаулауы, амбулаториялық және стационарлық емдеумен қамту, сонымен қатар байланыста болған адамдарды бақылауға алу аурудың таралуын тежеуге, жағдайы ауыр науқастарды бақылауға алуға мүмкіндік берді. Қазақстан дер уақытта диагностикалаудың нәтижесінде Covid-19-дан қаза тапқандар көрсеткіші бойынша 70-орында тұр», - деді ол.