Сейсенбі, 8 қараша күні Алматы мен Алматы облысында дауылдық ескерту жарияланды. Мегаполис пен облыста жаңбыр жауып, қар түсіп, тұман мен көктайғақ болады, деп хабарлайды kazlenta.kz қалалық және облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметтеріне сілтеме жасап.
Алматы қалалық ТЖД "Қазгидромет" РМК дауылды ескерту негізінде сейсенбі, 8 қараша күні нөсер жаңбыр жауатынын, күндіз ауа температурасы 5-7 градусқа дейін күрт төмендейтінін хабарлайды. Сондай-ақ таулы аймақтарда жаңбыр мен қар жауады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы кейде секундына 15-20 метрге, кейде секундына 25 метрге дейін жетеді. Қалалық ТЖД автокөлік иелері мен жаяу жүргіншілерді көктайғақ кезінде жолдарда аса мұқият болуға шақырады. Сондай-ақ департамент автокөліктерді ағаштардың, электр желілерінің және басқа да салбырап тұрған құрылыстардың астына қоймауды ұсынды. Алматы қаласының ТЖД жол жүру ережесінде белгіленген жерлерден көшеден өту керек екенін, жолдың бөлігін кесіп өту кезінде бөгде заттарға (ұялы телефонмен сөйлесуге) алаңдамауды, сонымен қатар тауға бармауды ескертті.
Алматы облысының ТЖД атап өткендей, "Қазгидромет" РМК дауылды ескертуі негізінде 8 қарашада облыстың оңтүстігінде және таулы аймақтарында жаңбыр, қар жауып, көктайғақ пен тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 25 м/с жетеді. Сондай-ақ ауа температурасының 2-7 градусқа дейін күрт төмендеуі күтілуде. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылап, сақтық шараларын ұстануға шақырды.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті де 8 қарашада облыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жаңбыр мен қар түріндегі қатты жауын-шашын болатынын ескертеді. 8-10 қараша күндері таулы және тау бөктеріндегі аудандарда тұман күтіледі. Шығыста және таулы аймақтарда оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге, ал желдің ұйытқуы секундына 25 метрге дейін жетеді. 8 қарашада Талдықорған қаласына тұман түседі.
8-11-2022, 16:32
Алматыда қар жауып, күн суытады
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз